Меню

«Түркі шежіресіндегі» этикалық концептілер»

05.12.2016
927
0
«Түркі шежіресіндегі» этикалық концептілер» деп аталатын тармақта адамның жақсы/жаман қасиеттеріне қатысты тілдік материалдар талданады.
Біз Әбілғазының «Түркі шежіресі» шығармасындағы деректерге сүйене отырып, сол кезеңдегі социумға тән моральдық адамгершілік саланың тілдік концептуалдану ерекшелігін сипаттауды мақсат еттік. Тілдегі «адам» суперконцепті «адам» кілт сөзінің (лексемасының) жалпы тілдік мағынасы негізінде қалыптасады. Олар моральдық адамгершілік саласының тілдік концептуалдануы процесін жүзеге асырады. Оның өзегінде Адам тұрады.
Моральдық адамгершілік қасиеттер мен құндылықтардың иесі және жасаушысы Адамның тілдік концептуалдануының аса маңызды вербалды құралы ретінде ФБ-тер, лингвомәдениет танылады. Олар халық менталды құрылымдары мен басымдылықтарын бейнелеп көрсетеді. Олардың ішінен жақсылық пен жамандық сияқты базалық моральдық адамгершілік категориясы жөніндегі концептуалды түсініктерді бөліп көрсетуге болады.
Біз «Түркі шежіресіндегі» XVII ғасырдағы тіл ұстанушының когнитивтік санасындағы орныққан этикалық түсініктер жүйесін адамның жақсы-жаман қасиеттерінің тілдік көріністерін былайша топтастырдық:
Дінсіздік: мүлдем кәпір болу, тәңірге иман келтірмегендерді өлтіру; жақсылық//жамандық: Бізге ешқандай жамандық жасамаған адамға біз қалай жамандық жасаймыз (58); Үшінші ұлының аты – Кешу, ол ғажайып дана, ақылды еді (98); Қаған оның кінәсін кешірді (99); Шағатай тамаша билік иесі және саясатшы патша еді, ақылды дана еді (101); Жамұқа көп сөзді, бұзық оның сөзіне еріп, досымен дұшпан болған жақсы емес еді; Ол шарапқор және пасық еді (98); Қара хан заманында мүлдем кәпір болды (21); Бұларды бағзылары жақсы көрді, бағзылары жаман көрді, Татар халқы жаман көріп, жау болды, татар мен моңғол қол жасап, әскер шығарып, соғысты т.б.
«Адам» суперконцептін сипаттайтын этикалық концептілерге қатысты мынадай тұжырымдар жасауға болады:
- «Адам» концепті – сан қырлы құбылыс, ол иерархиялық күрделі когнитивтік-вербалды құрылым болып табылады, оның негізін моральдік-этикалық және эмоционалды-психологиялық мінездемелер құрайды.
- Орта ғасырлардағы адамның вербалды-психологиялық портреті негізінен тектілік, моральдық-этикалық қасиеттеріне негізделеді. Орта ғасырлардағы әмбебап нәрсе – адамның (билеушінің) сапалық мінездеме-сипаттамасы, әсіресе оның діни сенімі, соғыс өнерін меңгеруі, тарихты жақсы білуіне баса назар аударылады. Ол кезеңдегі жауынгер өз мінез-құлқы мен әрекетін реттеуде моральдық-этикалық идеалдарға сүйенеді.
- Орта ғасырлардағы адамның эмоционалды әлемін құрайтын жүйе құраушы элементтер ретінде «ашу», «үрей», «қаталдық», «бақ//сор» танылады. Бұлардың басым бөлігі адамның негатив күйін білдіреді. Мұның бір себебі – туынды авторының өзі өмірін билікке арнаған тақ иесі, жержүзін жаулап алуды армандаған аса танымал қолбасшы Шыңғыс ханның ұрпағы болғандықтан да шығар. Ал байлық пен билік бар жерде талас-тартыссыз өмір сүру мүмкін емес екені аян. Яғни қай дәуірде болмасын қолында билігі, қалтасында ақшасы бар адамның жауы да маңайында болады. Бұл адамды қоршаған әлем теңдей екіге бөлінеді деген сөз: мұны автордың индивидуалды ғалам бейнесіндегі өзек концепті «өзім//өзге» оппозициясы нақты бейнелейді.
- Шежіреде аты аталған әрбір кейіпкерге ең алдымен, тектілігі, шыққан тегі жөнінде мәлімет, баға беріледі. Бұл – қазақы менталитетте айрықша орын алатын үрдіс. Тіліміздегі «көрмей-білмей алсаң, «тектіні ал», «тегі жақсы / жаман», «қанына тарту», «үйдің жақсы болмағы ағашынан, жігіттің жақсы болмағы – нағашыдан» т.б. тұрақты қолданыстар осының айғағы. Демек, «Түркі шежіресіндегі» «адам» концептосферасының өзегін құрайтын маңызды концепт «тек-тектілік» болып табылады.
Әбілғазы түсінігінде тек – жоғары билік иесіне тән басты қасиет, әке мен бала арасындағы табиғи жалғастық. Оның «Шежіредегі» тілдік көрінісіне мынадай мысалдар келтіруге болады: Әкесінің орнына отыру, әкесі жүргізген істі жалғастыру, жеті ұрпағына дейін патшалық құру, ұрпақтары өз жерінде билік жүргізу, ата тағына отыру, әкесінің қызметін істеу, әкесі мен ағасының өсиеттерін іске асыру, көп жыл атасы салған жолмен жүру, ұрпақтарының жүз жылға дейін төрелік қылуы, бұл артықшылықтың (билеушілік) одан тараған тоғыз ұрпаққа дейін сақталуы, әкесі өлгеннен кейін патша болу, әкесінің орнына хан болу, әкесінен кейін (он төрт жыл) патшалық қылу, кісінің әкесі не болса, ұлы да сол болуы керек, яғни сұлтаннан туған сұлтан боп, ханнан туған хан болып танылу керек т.б.
Жұмыста «Түркі шежіресіндегі» «ат-тұлпар» «қару-жарақ», «тағам» концептілеріне талдау жасалады.
«Әбілғазы Тілдік тұлғасының прагматикалық деңгейі» деп аталатын екінші бөлімнің екінші тарауында шежірешінің индивидуалды ғалам бейнесіндегі этностық менталитет көрінісі сөз болады.
Ю.Н.Караулов тұжырымдамасы бойынша, прагматикалық (немесе уәждеме) деңгей Тілдік тұлғаның ең жоғарғы деңгейі болып саналады. Өйткені тіл ұстанушының өз ойын, түпкі ниетін жеткізу үшін ең тиімді деп тапқан тілдік құралдарды таңдауына себеп болған уәждерді көрсететіндіктен, бұл деңгейде автордың жеке басына тән, өзіндік тұлғалық белгілері айқын көрінеді. Жоғарғы сатыда тұрғандықтан аталмыш деңгей ТТ құрылымындағы қалған екі деңгейді (семантикалық және когнитивтік деңгейлерді) біріктіреді, қоса қамтиды деуге де болады. Сондықтан оны (прагматикалық деңгейді) анықтап, қалпына келтіру үшін лингвистикамен қатар психологияның, тарих пен елтанымның, социология мен социолингвистиканың, бір сөзбен айтқанда, тұлғаның өмір сүрген, білім алған және тәрбиеленген, тіршілік еткен тұрмыстық ортасын жан-жақты сипаттайтын деректерді зерттейтін барлық ғылымдардың жетістіктері мен мәліметтерін пайдалану қажет.
Ғылыми әдебиетте бұл ой былайша тұжырымдалады: Тілдік тұлғаның мотивациялық деңгейін немесе прагматиконын оның өмірлік мақсаттары, мүдделері мен уәждері, ұстанымдары мен ниеттері құрайды. Оны уәждеме тұрғысынан қарастырғанда, ең алдымен, лингвоменталдық мәселесі басты назарда болуы тиіс оған: образдылық, эмотивтілік, экспрессивтілік, афористілік, бағалауыштық және аялық білімдерді жатқызады.
Әбілғазы шығармашылығында лингвоменталдықты құрайтын аталған бөлшектердің бәрі де бар, олар бірін-бірі толықтыра, бір-бірімен жымдаса отырып, автор концептілік өрісінің сүйегін (бұл жерде – «қаңқа» дегеннен гөрі, киіз үйдің құрылысына қатысты қолданысты алғанымыз жөн болар) құрайды. Прагматикалық деңгейді көрсететін тілдік құбылыстардың ішінен әсіресе автор тіліндегі бағалауыштықтың айрықша орын алатынын атап айту керек.
Әбілғазы тілінде қолданылатын бейнелеуіш-көркемдеуіш құралдар туралы айтқанда, мәтінде кездесетін афоризмдерге арнайы тоқталғанымыз жөн. Мысалы: жетім өз кіндігін өзі кесер; ... батырларын қылыштан өткізді, басқаларын пенде қылды т.б.
Шығарма тілінде кездесетін осындай сөзқолданыстарды ФБ қатарына жатқызуға болады. Адресат санасында бұрыннан бар қанатты сөз, оның ойына түсе қалған сәтте-ақ, адамның түпкі ойын, осы афоризмді қолдануына себеп болған уәждерін айқындауға себеп болады.
Автор мәтіндері бойынша жасалған индивидуалды тілдік ғалам бейнесінің іргетасын немесе тұрақты бір бөлігін Ұлттық Ғалам бейнесі құраса, екінші өзгермелі, қайталанбас бөлігі оның төл туындылары мен өзі сомдаған тың образдардан жасалады. Осы өзгермелі бөлікті таңдап алып талдау – зерттеудің міндеті.
Жұмыста «Түркі шежіресіндегі» шыңғысшылдық идеясы шежіредегі прецедентті есімдерге теориялық түсініктеме бере отырып, арнайы қарастырылды. Прецедентті мәтіндер тұлға үшін танымдық және эмоционалдық жағынан маңызды, олар көпшілікке таныс, сондықтан тұлғадан тыс сипатта болады.
Адам Ата ғалайхиссаламнан бастап, сандаған пайғамбарлардың есімдері, әр түрлі хандардың есімдері бізге тарих пен мифологиядан жақсы таныс. Осылардың ішінде шығарманы үлкен екі бөлікке бөліп тұрған Шыңғыс есіміне баса назар аударған жөн. Біріншіден, Әбілғазы Шыңғыс билігіне дейінгі кезеңдегі барлық оқиғалар мен адамдар жөніндегі мәліметті «Шежірені» жазу барысында алдында жатқан 18 бума кітаптан алса, шығарманың екінші бөлігін Шыңғыс пен оның ұрпақтары билік жүргізген үлкен кезең жөнінде бұрын-соңды өзге дерек көздерде камтылмаған жайларды баяндайды.
Шыңғыс есімінің қатысуымен келетін мәтін үзінділері негізінен билік жүргізу, таққа таласу, өлкелерді жаулап алу, байлық пен дәулетке ұмтылу сценарилерінен тұрады. Бұл – Шыңғыстың тарихтан белгілі жайы. Біздің мақсатымыз тарихи шындықты анықтау емес, сол оқиғалар, ұлы билеуші жөнінде жазба мұрағатта не делінген, оның авторы Әбілғазы өзінің жаужүрек бабасы жөнінде қандай пікірде екендігін «Шежіре» материалы негізінде бағамдау.
Шежіре мәтінінен алынған мысалдар Шыңғыс тұлғасын түрлі қырларынан мынадай топтарда сипатталды: Хан сайланғанға дейінгі Шыңғыс; Шыңғыс – ұрпақтары немесе әулеті; Шыңғыс – ақылды, дана, қолбасшы; Шыңғыс – біртұтас мемлекет құруды көздеген саясаткер; Шыңғыс – мұсылман дінін қабылдаушы; Шыңғыс – дәстүрді ұстанушы, ата жолын жалғастыруш; , Шыңғыс – шексіз билікке ұмтылған жаулап алушы, ашкөз-тонаушы; Шыңғыс – азулы да, қатерлі жау; Шыңғыс – жат елдердің билеушісі; Шыңғыс – есімі тарихи кезең белгісі; Шыңғыс хан өлгеннен соң.
«Шығармадағы шыңғысшылдық идеясы» адамзат тарихын үлкен екі кезеңге бөлген Шыңғыс есімімен байланысты тілдік-тарихи ақпараттармен қатар, автордың субъективті көзқарастарын білдіретін тұжырымдар кеңінен сөз болады.
Сонымен, жұмыста шежіреші Тілдік тұлғасын лингвокогнитивтік және прагматикалық деңгейлерде қарастыру нәтижесінде мынадай қорытынды жасалды:
Әбілғазы мұра етіп қалдырған «Түркі шежіресі» − «шежіре» ұғымына тән қазақы танымда қалыптасқан генеалогиялық сипаттағы, этнологиялық шығарма емес, ХVІІ ғасырдағы түркі жұртшылығының дүниетанымынан, тұрмыс-салтынан ақпарат беретін, сандаған лингвомәдени бірліктер арқылы сол кезеңдегі тілдік ұжымның когнитивтік санасында қалыптасқан, ғалам бейнесінің бір үзігін көрсететін, танымдық құндылығы жоғары туынды ретінде танылуы тиіс. Зерттеуімізде ол, ең алдымен, түбі мен тегі басқа мәдениет өкілінің түркілік мәдениетке енуі, бірнеше ғасырлар бойы біте қайнасуы нәтижесінде қалыптасқан жаңаша сипаттағы болмыс-бітімін танытатын дереккөз ретінде қарастырылады. Демек, Әбілғазы тілдік тұлғасын зерттеуде оның қаламынан шыққан мұраны пайдаланудың маңызы ерекше болмақ. Жүргізілген зерттеу нәтижесінде Әбілғазы Тілдік тұлғасын былайша модельдеуге болатыны анықталды:


Сурет 1 - Шежіреші Әбілғазы баһадүр тілдік тұлғасының моделі

Қорыта айтқанда, олардың бәрі автордың өзін ең алдымен «Шыңғыс ұрпағы» ретінде танып, төре тұқымы санайтындығымен, соны мақтан ететіндігімен байланысты ұғымдар ретінде қарауға негіз бар. Бұл ой «Шежіренің» өн бойында шыңғысшылдық идеясы арқылы өрілген. Оны мәтінде имплицитті түрде көрініс тапқан, Шыңғыс атына (адресіне) қатысты оң, жағымды мәнді бағалауыштық сөздерден байқауға болады. Тіпті Шыңғыстың әрбір шайқасы немесе кезекті шабуылы оның басқыншылығымен емес, «жергілікті халықты өркениетке баулу, тарту» идеясынан туындаған ізгі ниет екені мегзеліп тұрады.
Рейтинг: 3.0/2
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Поиск
Наш опрос
Вы расскажете о нашем сайте своим знакомым?
Всего ответов: 1002
Статистика

Онлайн всего: 10
Гостей: 5
Пользователей: 5
Алина115Non, uapedtug, Gabrielvieno, SarahCoaky, tapedtug