Меню

«Түркі шежіресіндегі» «өмір//өлім» бинарлы концептісі

04.12.2016
1409
0
«Өмір – әуелден бар, өз-өзінен түсінікті нәрсе сияқты қабылданған. «Түрін өзгерту немесе өсу процесінде болатын барлық заттар мен құбылыстар ертедегі (көне) діндерде өмірдің символы ретінде қарастырылған. От – тірінің азыққа деген қажеттілігі; су – қабілеттілікті қоректендіруші; өсімдік – көктемгі көкөніс пен (көктеу) гүлдеу» [7]. Бұл аталғандар сонымен қатар – өлімнің де символы: От – тілсіз жау (құртушы), су – ерітіп жіберетін, ағызып әкететін, басып қалатын (топан су), жойқын күш, тіршілікті жоюшы. Өмір мен өлім қашан да қатар жүрген. Қазақтар «өмір бар жерде - өлім бар» - дейді.
Тілімізде «өлім» ұғымын «өмір» компоненті арқылы білдірілетін фразеологизмдер бар: «өмірі үзілді, қиылды» (қыршынынан қиылды – жастай кетті, мезгілсіз өлді). Бұл тіркес адамның өмірі мен тағдыры арасындағы құпия байланыс (жіп) жөніндегі түсінігімен байланысты қалыптасқан. Ежелгі аңыз-түсініктер бойынша, адамның тағдырын әйел құдайлар жіп сияқты (түрінде) иіріп отырады, сағаты келгенде олар бір жіпті үзеді (қиып жібереді), сол сәтте адамның өмірі де тоқтайды. Сөйтіп өмір уақыт категориясымен тікелей байланысты ұғым болып табылады.
Өлім көптеген философиялық еңбектерде «тағдыр, жазмыш» ұғымдарымен қатар қарастырылады. Өлім тұйықталған жер бетіндік өмір мен гүлдену, дамуға бағытталған құдайлық әлемді жалғастыратын көпір ретінде танылған. Өлім мен тағдыр өзара байланысты категориялар.( Мұсылмандарша – жазмыш: «Жазмыштан озмыш жоқ»)
Б.І.Нұрдаулетова: «Жыраулар тілінде өлім концептісі дара сипатқа ие. Ол өмірмен салыстырылмайды. Себебі өлім – жыраулық когницияда өмірдің бітуі, аяқталуы емес, екінші өмірдің жалғасуы», – деп тұжырым жасайды [8].
Ұлттық санамызда адам өмірінің мерзімі түрліше өлшенетін болған. Оны ұзындық//қысқалықпен (қамшының сабындай қысқа ғұмыр); уақыт көрсеткіштері арқылы (бес күндік жалған, қас-қағым сәт); Құдайдың жазғаны, басқа салғаны (маңдайындағыны // пешенесіндегіні көрді); бар//жоқ (дәм-тұзы таусылу) ұғымдары арқылы таңбалау кездеседі.
Өмір таным мен ақпарат көзі ретінде де көрінеді (өмір бойы іздену, бар өмірін ғылым-білімге арнау т.б.). Алайда қазақ ұғымында бұған керісінше түсінік те бар: көп жасағаннан сұрама, көп көргеннен сұра.
Өмір туралы ақпарат мынадай формаларда беріледі: жүре берсең, көре бересің, көре берсең, көне бересің; өмірдің өзі – сабақ; пешенеңдегіні түгел көрмей, өлмейсің; қырық жыл қырғын болса да, ажалды (ғана) өледі; жазым болса – быламыққа тіс сынады.
Сондай-ақ өмір ағын су формасында (өмір-өзен, өмір кешу); нақты әрекеттер формасында да (дөңгеленген дүние - ... шыр айналған дүние) түсініледі. Адамдар арасындағы түрлі қатынастар да өмір ұғымы арқылы жеткізіледі: Ит пен мысықтай (жауласып) өмір кешті; Тату-тәтті өмір сүрді; Өмірдегі қиындықтар мен күрделі жағдайлар: ит өмір, қу дүние, бес күн жалған; Адам өміріне Құдайдың ықпалы, әсері жөнінде: Адамның басы – Алланың добы; Жақсы, тоқ өмір фразеологияда біршама толығырақ беріледі: Ішкені алдында, ішпегені артында; Не ішем, не жеймін демейді; Үлде мен бүлдеге орану; қағанағы қарқ, сағанағы сарқ; Адам өмірі өсімдіктер мен жануарлардың тіршіліктерімен де салыстырылады: Гүлдей жайнады; көктей солды т.б.
Жалпы өмір жөніндегі түсініктерді жинақтай келе, оның «бұ дүние» түріндегі көрінісін «нағыз өмір емес, фәни, уақытша кезең, ол бақиға дайындық қана» деп санау қалыптасқандығын байқаймыз.
Осы тұрғыдан бағамдасақ, Әбілғазының «Түркі шежіресінде» «өмір//өлім» бинарлы концептісінің көрінісін былайша көрсетуге болады:
«Бұ дүние//о дүние» қарсы ұғымдары мен «жасау//кету» етістіктері арқылы таңбаланады: Адам бұ дүниеде мың жыл жасап, о дүниеге кетті (16); Отырарға келгенде бұ дүниеден ол дүниеге көшті (103); Шағатай хан бір ауруға тап болды, тәуіптер емін таба алмады. Хижраның алты жүз қырқыншы жылы бұ дүниеден өтті (101). «Шежіреде» өлім күллі пенденің маңдайына жазылған міндетті түрде болатын құбылыс. Қандай дәулетті болып, дәурен сүрсе де адам өмірі міндетті түрде өлімге ұласады. Әсіресе өмір мен өлімнің шекарасын бөліп көрсету үшін «ақыры» сөзін пайдалануына назар аударған жөн. Тоқтағу хан кейін көп жұрттарды бағындырып, ата мен ағаларының дәстүрімен көп іс тындырып, ақыры бұл дүниені тастап, ол дүниеге кетті (111); Мұнда автор өлім мен өмірдің арасы шартты түрде ғана ажыратылатындығын мегзейді. Бұл тұста өмірдің соңы өлім екендігі айқын аңғарылады.
«Өмір сүру//өлу//жұмаққа кету» етістіктері арқылы: «Өлу» «жұмаққа кету// тәңірі салған жерге кету// атасының артынан кету// атасы соңынан кету // әкесінің соңынан кету// қайтпас сапарға кету// Барса келмеске кету// халық баратын жерге кету// хақ рахметіне кетті»; Осындағы «атасының артынан кетті, әкесінің артынан кетті» деген тіркестер өмірдің өліммен алмасу заңдылығының жалпыға бірдей екендігін мегзейді.
«Опат табу / опат болу» күрделі етістігі арқылы: Ол көп жылдар патшалық қылып опат тапты (19); Бірнеше күннен кейін Әмір поладшы опат болды (106); Осындағы «опат болды» тіркесіне «Қазақ тілінің сөздігінде» «мезгілсіз қазаға ұшырады, мерт болды» деген түсіндірме берілген. Демек, мұнда табиғи жолмен емес, кісі қолынан өлу мәні берілген. Сондай-ақ, «Шежіредегі» «опат тапты» тіркесі қазіргі тілімізде қолданылмайды деуге болады, оның орнына көбіне «қаза тапты» тіркесі жұмсалады. Шығармада осы тіркес кісінің өз ажалынан емес, түрлі басқа себептерден, атап айтқанда, шайқаста, соғыста, жаугершілікте қазаға ұшырағандығын білдіру үшін қолданылған.
«Шежіреде» өзге субъекті тарапынан орындалатын әрекет «өлтіру» міндетті түрде таққа талас, билікті басып алу мақсаттарымен байланысты болады: демек «өлтірудің» ар жағында оның орнын басу, тағына отыру, мал-мүлкіне, хандығына ие болу әрекеттері тұрады: Сол кезде Тоқтамыс хан Самарқантқа келіп, бірнеше мұсылмандарды өлтіріп, елін талап, кайтып кетті (107); Тоқтағу хан кейін көп әскер жинап келіп, Тода Меңкуді өлтіріп, өзі патша болды (113); Оның патша болғанына екі жыл толғанда һалаку баласы Абақаның ұлы Арғұн оны өлтіріп, оның орнына отырды (108); Арпа ханмен соғысып, жеңіп, Арпа ханды өлтірді, мемлекетін өзі биледі (109); Бағдатқа келіп, оның ханын өлтіріп, өзі хан болды (109); Жәнібек хан көп әскерімен аттанып барып, соғысып, Мәлік ашрапты өлтіріп, мал-дүниесіне ие болды (10);
«Өлім» концептісінің шеткері аймағынан орын алатын «қайғыру», «жоқтау», «жылау», «аза тұту», «құса болу» ұғымдарына мынадай мысалдар келтіруге болады: Шыңғыс хан Жошының өлгенін естіген соң, қатты қайғырып, аза тұтты (111); Дәл сол кезде Шыңғыс хан ордасынан «Шыңғыс хан өлді» деген хабармен шапқыншы келді (111); Бүкіл халық аза тұтып жыласты. Азадан, қайғыдан кейін Бату мемлекетін кіші інісі Тоқай Темірге тапсырып, бес інісімен қосылып, Өтшікен бәрі Шыңғыс ханның тағы орналасқан Қарақорым тарапына аттанды, келіп Қарақорымда барша әмірлер мен ханзадаларға қосылып үлкен аза тұтты (112); Меңку Темір хан құса болып өлді (113);
Жаппай өлім құшу (массовая гибель), алапат өлім мәні барлығы, бәрі, қалғандары, түгел лексемаларымен тіркесе келген өлу, қаза табу етістіктері арқылы вербалданады: Үшеуі қашып құтылды, қалғандарын өлтірді; Сұбханұлы барлық әскерімен қаза тапты; Ол уақытта Иадкар ханның төрт ұлының бәрі өлген еді; Қан ханның балаларының бәрі де өлді; ... бәрі суға ғарық болды;
«Шежіредегі» өте қызықты мәлімет: автордың өз өлімі туралы хабарлауына назар аударғанымыз жөн: Мен өлдім.
Бұл – шежіре жанрына қатысты ғана қолданыс, себебі, жылнама сипатындағы осындай шығармаларда уақыт категориясы қалыпты стандарттан (кеше, бүгін, ертең) тыс, соны формада қолданыла алады. Мұнда мәтін авторы тарихи шындықтан ауытқымайды, бірақ өмірлік мәселенің заңды жалғасын дөп басып, шығармасына осы түрде енгізеді.
«Шежіре» мәтінінде автор кейбір адамдардың (тарихи тұлғалардың) өлімінің себебі мен сипатына да тоқталған тұстары кездеседі:
Жүсіп атты ұлы қолынан қан алдырып еді, қаны тоқтамай, қансырап өлді; Жиырма үш жасында өз нөкерлерінің ішінен бірнеше кісі кеште ұйықтап жатқан жерінде пышақ салып өлтірді, перзенті жоқ еді; Халық көрерлік дегенде көрсетпеді, ақыры ем болмай опат тапты; Шағатай ханның бір уәзірі бар еді, Скакимен жаман еді, бір күні уақыт тауып, Скакиден өшін алды, колға түсіріп зынданға салды, ақыры сол зынданда өлді (101).
Шығармада өлім – өмірдің о дүниедегі жалғасы екендігі жөніндегі идея: жұмаққа кетті; атасының қасына алып кетті; жұмаққа алып барды; жұмақта тұрады; т.б. жолдар арқылы сипатталады.
Тұтас алғанда, «Шежіреде» көрініс тапқан Әбілғазы ханның баяндауындағы «өмір//өлім» бинарлы концептісі ішінара кездесетін автордың Тілдік тұлғасын ерекшелейтін жеке қолданыстарды санамағанда (оларға жоғарыда тоқталдық) қазақтың Ұлттық Ғалам бейнесіндегі «жалған, фәни, бақи» т.б. ұғымдармен, ойсуреттермен сәйкеседі. Мұның, өзі біріншіден, шежірешінің өзіне дейінгі тарихи дереккөздердегі мәліметтерді молынан пайдалануымен (мәтінде «Түркі шежіресін» жазу барысында ханның алдында 18 бума кітаптың жатқаны туралы айтылады) байланысты оның жалпыадамзаттық құндылықтар турасындағы хабардарлығымен, екіншіден, түбі моңғол болғанымен, Әбілғазы жергілікті түркі халықтарына сіңісіп, оның түрлі салт-дәстүрлерін қабылдап, дала заңымен өмір сүретін түрки мемлекетті басқарғандығымен түсіндірілсе керек. Қалай десек те, адамның жұтқан ауасы мен басып жүрген топырағы оның тәніне ғана емес, жан дүниесіне де, рухани әлеміне де өзіндік таңбасын салары анық. Сондықтан автор прагматикасынан нәзік те әнтек аңғарылатын «шыңғысшылдық идеясы» түптеп келгенде, кейінгі орынға ысырылады да, адам баласына тән «өзім» деген эго ұғымы басымдыққа ие болады. Яғни автордың түпкі мақсаты – келер ұрпаққа өз атын қалдыру, өзін хан, баһадүр, тарихшы, шежіреші, білімпаз тарихи тұлға ретінде жан-жақты таныту.
Шындығында да, тарихта қылышынан қан тамған, талай елді жаулап алып, талай мемлекетті жер бетінен жоқ қылып жіберген, өз уақытында қаталдығымен, жаугерлігімен аты шыққан билеушілер аз болмаған. Бірақ солардың бәрі де сағаты жеткенде, о дүниеге аттанып, артында қалған мұрасы да, мұрагері де уақыт шаңына көмілген. Ал уақытқа бағынбай, әрбір келесі буынға беріліп отыратын – тек қана «ғалымның хаты» екені аян. Осыны түйсінген автор өмірінің соңында өз атынан жазба мұра қалдыруды көздеуі де тектен-тек болмаса керек. Бұл жерде «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген дала философиясының сарыны анық сезіледі.
Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Поиск
Наш опрос
Вы расскажете о нашем сайте своим знакомым?
Всего ответов: 1000
Статистика

Онлайн всего: 4
Гостей: 3
Пользователей: 1
doresogabeh84