Меню

Түркі шежіресіндегі «соғыс» концептісінің тілдік репрезентациясы

04.12.2016
583
0
«Түркі шежіресіндегі «соғыс» концептісінің тілдік репрезентациясы» атты тармақта қай елдің өмірінде, мәдениетінде болмасын аса маңызды рөль атқаратын – «соғыс» концептісіне лингвикогнитивтік талдау жасалады. «Шежіреде» «соғыс» концептісін ашық түрде сипаттайтын (эксплицитті) репрезентациялар саны сексеннен астам, ал жасырын түрде берілген (имплицитті) көріністері өте көп. Олар соғыстан басқа да көптеген концептілердің аясына кіретін болғандықтан, біз тек эксплицитті бірліктер қолданысына тоқталуды жөн санадық. Шығармада «соғыс» макроконцептісін құрайтын өзара шектес, байланысты «билік», «өлім», «жеңіс//жеңіліс», «байлық» микроконцептілері алуан түрлі тілдік бірліктер арқылы репрезенттелген.
«Ұрыс, шайқас» және «жеңіс//жеңіліс», «жау, дұшпан», «өлім», «билік» концептілері бірінен кейін бірі орын алатын ұласпалы процестерді білдіретіндіктен, ажырағысыз бірлікте беріледі.
Соғыс жауласушы екі жақтың арасындағы күрделі, шиеленіскен саяси жағдай болғандықтан, оның басталу себептері, зардаптары мен салдарлары екі түрлі сипатта болады. Соғысты бастаған жақ, әдетте күші басым, дайындығы да жеткілікті алпауыт ел өзінен біршама әлсіз мемлекеттің немесе хандықтың жерін басып алу, елін құл қылу, байлығын иелену мақсатын көздеуі мүмкін: Шыңғыс хан аса көп қиындықсыз Қытайдың көп уәлаяттарын өзіне бағындырды (65); Арпа ханмен соғысып, жеңіп, Арпа ханды өлтірді, мемлекетін өзі биледі (109); Біраз уақыттан кейін көп әскер жиып келіп, Тода Меңкумен соғысып жеңді (113); Тода Меңкуді өлтіріп, өзі патша болды (113); Одан Ташкентке кіріп, шаһарды алды (121).
Бұл үзінділерде «соғыс» концептісі «шайқас-өлім-билік» тізбегі түрінде көрініп отыр. Яғни жеңілген қолбасшы өлім құшса, жеңген хан жаңа билікке қол жеткізеді.
Келтірілген мысалдар соғыс – жаңа жерлер мен байлыққа, билікке қол жеткізудің, қол астындағы құлдар санын көбейтудің, яғни мемлекеттегі, хандықтағы еңбек күшін арттырудың да бір құралы екенін дәйектейді..
Екі тайпаның немесе хандықтың арасында ірілі-ұсақты себептерге байланысты орын алатын қақтығыстар (Жошы ханның анасының аты Бөрте қошын еді, ол екіқабат кезінде Шыңғыс хан жоқта Меркіт халқының ханы Шыңғыс ханның үйін шапты (111)). Бұл жағдай бірте-бірте ұлғайып, бітпес дауға айналып, түбінде үлкен соғысқа алып келеді. Екі жақтың да басшылары түбінде бір үлкен шайқастың боларын сезіп, ашық та, жасырын да дайындық жүргізеді де, оңтайлы деп тапқан сәтінде жауына шабуыл жасайды, әскер шығарып соғыс ашады, кенттер мен шаһарларды шабады, шеп құрып ұрысады, жауға қарсы немесе жаулауға аттанады. Шығарманың осындай әрекеттер туралы баяндалатын үзінділері «соғыс» макроконцептісінің негізгі компоненттері – «ұрыс, шайқас, шабуыл» микроконцептілерін құрайды: Қара хан мен Оғыз әскерлерін сапқа тұрғызып, өзара соғысты (22); Оғыз хан татарларға шабуыл жасады (23); Оғыз бен Кашмир хан шайқасып, Оғыз әскері жеңеді (25).
«Шежіреде» «жеңіс//жеңіліс» концептісін сипаттайтын тілдік қолданыстар да едәуір. Автор танымында жеңілген жақтың мерейі үстем болып, байлыққа кенелсе, жеңген ел тоз-тозы шығып, бытырап, жан-жаққа кетеді: Моңғол барлық кезде де жеңіске жетіп жүрді (19); Шыңғыс хан жеңіп, Оң хан баласы екеуі жан жаққа кетті (60); Итбарақ пен Оғыз хан шайқасты, Итбарақ жеңіп, Оғыз қашты (23); Көп елінің барлығын тоз-тоз қылды (124);
Дүниежүзіндегі қай ұлтқа қатысты алсақ та, ғаламның тілдік бейнесіндегі «соғыс» макроконцептісінің өзегінде «өлім» концептісі тұрады. Себебі соғыстың басталуы, жүргізілуі және аяқталуы сияқты кезеңдерінің қай-қайсысы да адам өлімімен тығыз байланысты. Кісі өлімінсіз соғысты елестету тіпті де мүмкін емес. Сондықтан тіл ұстанушының когнитивтік базасында соғыс – адамзат өміріне төнген қауіп ретінде орныққан. Ол қауіптің ең жеңіл деген салдары - адам баласының бір дене мүшесінің істен шығарылуы болса, ең ауыр зардабы - оның өмірінің табиғи жолмен (қартайып қайтыс болу) емес, екінші бір пенденің қолынан қиылуы, мерт болуы. Осы өмірдің тоқтатылуы процесі белгілі бір уақыт кесіндісінде жаппай сипат алғанда, шын мәніндегі трагедияға жол беріледі. Адам адами болмысынан айнып, хайуан, жыртқыш бейнесіне түсетіндей әсер қалдырады. «Түркі шежіресінде» «өлім» концептісі былайша репрезенттеледі: Шыңғыс хан Сәңкүнді ұстап өлтірді (60); Ғайырхан саудагерлер мен елшілердің бәрін өлтіріп, әкелгендерін талап алды (71); Шағатай хан оларға әскерімен қосылды, Ғайыр ханды жолшыбай Көксарай деген жерде өлтірді (75); Темір Мәлікті нөкері жақ оғымен атып өлтірді (77); Жошы хан қатты ашуланып, Жентті қамады, Жантемірге қастық ойлағандарды өлтірді (77); Теміршейіхтің қаһары келіп әскерінің жиылуын күтпестен, жаудың артынан қуып барып соғысып еді, жеңілді, өзі сол соғыста өлді (120); Илбарыс хан жеңіп, өлтіре-өлтіре шаһарға жетіп кірді (128).
Сонымен, Әбілғазы баһадүрдің «Түркі шежіресіндегі» соғыс макроконцептісінің моделін былайша көрсетуге болады:
Соғыс: жауласушы екі жақтың арақатынасын айқындайтын саяси феномен; ұзақ уақытқа созылатын қақтығыстар мен жанжалдардың негізінде орын алатын күрделі қоғамдық-әлеуметтік, саяси жағдай; байлыққа қол жеткізу (тонау, талау) құралы; билікке (жаңа жерлерді иемдену) қол жеткізу тәсілі; адамдардың жаппай өлімі түрінде жүзеге асырылатын аса ауқымды трагедиялық жағдаят; күшті мен әлсіздің текетіресі, осы негізде қарсыластар өзге мемлекеттер мен хандықтар арасынан одақтас іздеуге мәжбүр болады; адамның адами болмысын түбегейлі өзгертетін (тіпті оны жыртқыш кейпіне түсіретін) күрделі психикалық күйлерге түсуіне себеп болатын аса күшті саяси фактор.
Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Поиск
Наш опрос
Вы расскажете о нашем сайте своим знакомым?
Всего ответов: 1000
Статистика

Онлайн всего: 6
Гостей: 4
Пользователей: 2
Mervinvaf, Dargothwern