Меню

«Түркі шежіресінің» зерттелу тарихы

03.12.2016
613
0
«Түркі шежіресінің» зерттелу тарихынан атты бірінші бөлімде қазақ тіл біліміндегі лингвоперсонология (лингвистикалық тұлғатаным) саласына қатысты мәселелер, атап айтқанда, шежіренің зерттелу тарихы, ондағы тарихи және тілдік деректердің шектестігі мен өзара қатынастары, шығарма материалын лингводеректанымдық тұрғыдан қарастыру т.б. мәселелер сөз болады.
ХVІІ ғасырдағы жазба ескерткіштердің ішінен Әбілғазы баһадүр ханның «Шежіре-и түркі» атты кітабы елеулі орын алады. Оның себебі, біріншіден, кітап авторының өз заманының білімді, жан-жақты, даярлығы бар (тарихшы, ақын, полиглот, жауынгер т.т.) адамы болуында болса, екіншіден, оның шығармасының тарихи, әдеби, тілдік жақтарының аса құндылығында. Оның дәлелін Әбілғазының өзі келтірген мына сөздерінен көруге болады. Ол өз кітабының кіріспесінде былай дейді: «Құдай тағала мырзалық қылып, маған біраз нәрсе берген. Мен, әсіресе, үш түрлі өнерді жетік меңгердім. Біріншісі − әскери өнер, яғни әскерді басқару, оның тәртібі, т.б.; екіншісі – ақындық өнер, яғни түрлі өлең құрылысын сақтай отырып, түркі тілінде месневи, қасид, ғазел, рубаят тәрізді өлең шығара алу, араб, парсы, түрік сөздерінің мағынасын жетік білу; үшінші – бұрын Арабстан, Иран, Тұран, Моңғолияны билеген патшалардың өмірі мен мемлекеттік маңызды істерін, оларда болған ірілі-уақты оқиғаларды жатқа білу». Одан әрі Әбілғазы өз өнерлерінің дәрежесінен де хабардар етеді. «Егер Иран мен Үндістанда менен асатын ақын не көп тіл білетін білімді адам жоқ десем, жалған айтқандық болар. Бірақ мен білетін мұсылман немесе кәпір елдерінде қазіргі кезде әскери өнерді менен жетік білетін ешкім жоқ», − дейді [3,14 б.].
Бұл шығарма – Шыңғыс ханнан бұрынғы және одан кейінгі дәуірлерде Орта Азия, Қазақстан, Таяу Шығыс елдерінде болған ірілі-уақты оқиғалар мен сол тұстағы мемлекет басқарған қайраткерлер жүргізген саясат жайындағы жылнама. Оның шежіре деген аты болмаса, ол жоғары ғылыми деңгейде жазылған шын мәніндегі тарихи шығарма деуге болады.
Біз оқырман ретінде де, зерттеуші ретінде де уақыт кеңістігінде өзімізден едәуір алшақ тұрған мәтінмен жұмыс істейміз. Яғни бұл жағдайда тек осы мәтін ғана автордың өзін-өзі таныстыру, көрсету құралы рөлін атқарады, оның дүниені қабылдауының, құндылықтар жүйесінің, өмірлік ұстанымдары, мақсат-мұраттары, бағдарлары мен сөзжұмсамдық мінез-құлқының ерекшеліктері жөнінде мәліметтер береді. Осыған орай, ТТ-ның қалыптасуына үш түрлі экстралингвистикалық фактор үлкен ықпал ететінін атап айтқанымыз жөн. Олар: әлеуметтік, ұлттық-мәдени, психологиялық факторлар.
Зерттеу барысында Шыңғыс хан ұрпағы, Араб Мұхаммед ханның ұлы Хиуа билеушісі Әбілғазы баһадүрдің «Шежіре...» беттерінен аңғарылатын қолданыстық (сөзжұмсамдық) мінез-құлқының ерекшеліктеріне назар аударылады. Бұл проблема Әбілғазының өз қолтаңбасын танытатын мәтінтүзімдік тәсілдері мен оның жиі қолданатын тілдік «доминанттарын» (басымдықтарын) айқындау қажеттілігін туындатады. Сондай-ақ автордың «Шежірені» жазу барысында өз заманындағы жалпыхалықтық немесе жалпытүркілік сөздік құрамнан тілдік құралдардың белгілі бір тобын іріктеп, таңдап алуына себеп болған алуан түрлі мәтіндік және экстралингвистикалық факторларды анықтаудың да маңызы зор. Осымен байланысты Әбілғазы баһадүр тұлғасын оның жазба мұрасы «Түркі шежіресінің» материалы негізінде сипаттау ТТ-ның Ю.Н. Караулов ұсынған құрылымдық моделінің когнитивтік және прагматикалық деңгейлерінде жүзеге асырылмақ.
Рейтинг: 1.5/2
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Поиск
Наш опрос
Вы расскажете о нашем сайте своим знакомым?
Всего ответов: 998
Статистика

Онлайн всего: 15
Гостей: 8
Пользователей: 7
BenEl, angeliack1, Samuelmelf, MitchBuh, PeraturQuit, AsaruWew, DaroMl