Меню

Тілді антропоөзектік парадигмада зерттеу

05.12.2016
1443
0
Тілді антропоөзектік парадигмада зерттеу – қазіргі лингвистика ғылымында негізгі және перспективалы жалпы ғылыми қағидаға айналған. Антрополингвистиканың ғылыми бағдарламасы – Тілдік тұлға деп аталатын негізгі ұғымның төңірегіне шоғырланатын бүкіл өзекті мәселелері көп қырлы бағыт. Тілдік тұлғаны зерттеу – поэтикалық мәнмәтіннің жүйесі негізінде оған тән психологиялық белгілерді ғана емес (бұл - лингвопсихология аясына жататын мәселе), сонымен бірге Тілдік тұлғаның философиялық– дүниетанымдық алғышарттарын (ғалам бейнесі), этноұлттық ерекшеліктерін, әлеуметтік мінездемелерін, тарихи, мәдени түпбастауларын т.б. айқындауды қажет ететін кешенді сала. «Тілдік тұлға тілдің ар жағынан басталады» (Ю.Н.Караулов), яғни адамның интеллектуалдық әлеуеті төңірегінде және тілі арқылы барынша ашылған жерден басталады. Осыған орай, Әбілғазы баһадүр ханның «Түркі шежіресін» «Тілдік тұлға» теориясы тұрғысынан қарастыру осы жұмыстың басты мақсаты етіп қойылды. Себебі, кез келген мәтіннің ар жағында тұрған автор тұлғасын лингвоперсонология теориясы шеңберінде қарастыру тарихи-лингвистикалық зерттеулерді жаңаша сатыға осы тұрғыдан көтерері анық. Бұл арада бізді қызықтыратыны – ескерткіш мәтініндегі лексикалық бірліктердің түпнұсқадағы және қазіргі тіліміздегі формасы мен мазмұны қандай деген сұрақтар емес, оның авторы өмір сүрген кезеңдегі тілдік ұжым санасында орныққан когнитивтік бірліктер жәдігер тілінде қалайша берілген, автор не себепті белгілі бір ойын жеткізу үшін басқа емес, дәл осы (мәтіндегі) сөзқолданысты таңдады, өз шығармасын әуелде «Түркі және моңғол шежіресі» деп атап, кейінірек оның осы бастапқы тақырып атынан бас тартуына нендей жағдай түрткі болды, өзінің Шыңғыс тұқымынан екенін мақтан тұтқан билеуші қаһарлылығымен және қанқұйлы әрекеттерімен аты шығып, адамзат тарихында есімі мәңгі қалған бабасының жержүзін басып алмақ болған ниетін қалайша интерпретациялайтыны сияқты т.б. толып жатқан саяси, әлеуметтік, психологиялық, тарихи мәселелерге экстралингвистикалық факторлар шеңберінде жауап іздеу болды.
Осындай күрделі мәселелердің барлығы, түптеп келгенде, автордың өз шығармасын жазу барысында арқаланған немесе басшылыққа алған прагматикалық ұстанымына сай өріліп, оның Тілдік тұлғасы феноменінің маңайына шоғырланады. Қазақ тіл білімінде бірқатар ақын-жазушылар мен ғалымдардың тілдік тұлғасына арналған зерттеулер жарық көргенімен, шежіре жанрында жазылған туынды авторының Тілдік тұлғасына арналған еңбек жоқ деуге болады.
Осымен байланысты зерттеу нысанына алынған жәдігер тарихи жағынан да, тілдік, т.б. қай қырынан алсақ та, қазақы санада қалыптасқан «бір рудың немесе тайпаның шығу тегін, таралу жолын» бейнелейтін «генеалогиялық ағаштан» түбегейлі ерекшеленетіні назар аудартады. Автор Шыңғыстың өмір жолына арналған баптан бастап, тарихи оқиғаларды, олардың бел ортасында жүрген Шыңғыс ұрпақтары, олардың арасында орын алған түрлі ішкі қақтығыстар, басқа түркі тайпаларымен, әсіресе түркі, оғыз, қарлұқтармен болған үлкенді-кішілі ұрыстар т.б. жөнінде егжей-тегжейлі баяндауға тырысқаны байқалады. Зерттеу барысында күрделі мәселелердің шешімін автор танымына, XVII ғасырдағы тіл тұтынушының когнитивтік санасын бейнелейтін туынды материалына сүйене отырып іздеуге тырыстық.
Зерттеудің өзектілігі тілді имманентті шеңберде, яғни «өз ішінде және өзі үшін» емес, Тілдік тұлғаның рухани болмысының, қызмет-әрекетінің көрінісі ретінде зерттеуге бағытталған заманауи лингвистикалық идеялардың дамуындағы жаңа үрдістермен анықталады.
Диссертацияда XVII ғасырда өмір сүрген Хиуа ханы, билеуші тап өкілі, тарихшы, шежіреші Әбілғазы баһадүрдің жазба мұрасы «Түркі шежіресінің» тілдік материалы концептосферасының негізінде қарастырылады. «Шежіре» тілінде көрініс тапқан Ғаламның ұлттық және индивидуалды – авторлық бейнелері арқылы анықталатын концептуалдық түсініктер жүйесі когнитивтік лингвистика тұрғысынан қарастырылады.
Әбілғазы «Шежіресіне» арналған ғылыми зерттеулерде хан тұлғасының индивидуалды ерекшеліктеріне біршама қызығушылықтар туындағанымен, билеуші, әскери өнерді жетік игерген қолбасшы, бірнеше тілді меңгерген білімдар тарихшы ханның Тілдік тұлғасы (әрі қарай – ТТ – С.Г.) арнайы зерттеу нысаны болған емес. ТТ проблемасының өзектілігі ғылым дамуының қазіргі кезеңіндегі тілдегі адам факторын зерттеуге деген қызығушылықтың артуымен де сабақтасады. Осымен байланысты Әбілғазы баһадүр ханның қазақ әдеби тілі тарихы үшін де маңызды дереккөз саналатын «Шежіресін» лингвистикалық және экстралингвистикалық факторларды ескере отырып кешенді түрде зерттеудің маңызы зор.
Тілдік тұлғаның лингвокогнитивтік деңгейі автордың шығармашылық контексіндегі (шежіре – әдеби жанрға жатқанымен, тарихи шығарма іспеттес) сөздерге толық талдау жасауға, олардың мағыналық реңктерін барынша айқындауға, жалпы тілдік бірліктердің автордың сөз саптауында қандай өзгерістерге ұшырайтындығын, әртүрлі айшықтала бедерленуін, түрленуін көрсетуге мүмкіндік береді.
Диссертациялық жұмысқа тақырып ретінде алынған Әбілғазы баһадүр есіміне қатысты жалпы тарих ғылымы мен қазақ тіл білімінде жарық көрген үлкенді-кішілі еңбектер бірқатар. Солардың ішінде «Түркі шежіресі» тілін құрылымдық лингвистиканың барлық деңгейлері бойынша қарастыруға (шығарманың фонетика-орфографиялық ерекшеліктері, лексика-фразеологиялық сипаты, грамматикалық құрылысы сияқты тараулардан тұратын көлемді еңбек) арналған профессор Б.Әбілқасымовтың [1] еңбектерін атағанымыз жөн. Қазақ тіл білімінде тарихи жазбалар, жылнамалар тілін арнайы монография көлемінде қарастырған Р.Сыздықованың еңбектерінің маңызы ерекше [2].
Зерттеуде Тілдік тұлғаның болмысын анықтау үшін оның бізге жеткен шығармасы мәтініндегі концептіге атау болатын күрделі ұғымдарды білдіретін, лингвомәдени бірліктерді, сондай-ақ «Шежіренің» ең басты ерекшелігі болып табылатын – тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғаларға қатысты ақпараттарды бойына жинақтаған прецедентті есімдерді, олардан бөлек прецеденттілік дәрежесіне жете қоймаған антропонимдердің де қамтылуы зерттеудің өзектілігін сипаттайды деп ойлаймыз.
Зерттеудің теориялық-әдістанымдық негіздерін В.В.Виноградов, А.А.Залевская, Ю.Н.Караулов, Д.С.Лихачев, Дж.Лакофф, С.Г.Воркачев, Ю.С.Степанов, Е.С.Кубрякова, А.Ченки, В.А.Маслова, Қазақстан ғалымдары Б.Әбілқасымов, Р.Сыздық, Ж.Манкеева, Н.Уәли, Э.Сүлейменова, Қ.Жаманбаева, М.Күштаева, Г.Сынасапова, Ш.Елемесова, С.Жапақов, Ф.Терекова, Г.Мұратова, Г.Ибраева сынды зерттеушілер еңбектері құрады.
Зерттеу нысаны. Хан Әбілғазының тарихи мұрасы және оның тілдік жүйесі арқылы талданатын Тілдік тұлғасы.
Зерттеу пәні. Әбілғазы Тілдік тұлғасының лингвокогнитивтік және прагматикалық деңгейлері.
Зерттеудің дереккөздері. Зерттеу дереккөзі ретінде Әбілғазы баһадүрдің «Түркі шежіресінің» мәтіні [3], қазақ әдеби тілінің сөздігі, қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі, т.б. сөздіктер пайдаланылды.
Зерттеудің әдіс-тәсілдері. Зерттеу барысында тілдік деректерді концептуалдық талдау, топтау, жүйелеу, салыстыру, сөз семантикасын компоненттік талдау әдістері қолданылды.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Әбілғазының Тілдік тұлғасын тарихи дерекнамалық шығармасы арқылы қалыптасқан тілдік әлемі оның туындысындағы апеллятив және оним сөздер қолданысы негізінде анықтау. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін мынадай теориялық және практикалық міндеттер қойылды:
- Әбілғазы шығармасындағы этномәдени мазмұны күшті, концептуалдық әлеуеті жоғары тілдік бірліктерді жинақтап, концептілік өріс тәсілімен талдау;
- «Шежіре» мәтінінде біршама жиі қолданылатын сөздердің нақты контекстік қызметі мен рөлін анықтау және олардың Әбілғазының индивидуалды концептуалды ғалам бейнесіндегі орнын анықтап, жалпы этностық (ұлттыққа дейінгі) ғалам бейнесімен байланысын көрсету;
- Әбілғазы шығармасының тілдік жүйесіндегі концептуалдық мәні зор апеллятивтерге семантикалық талдау жасау;
- «Шежіре» тіліндегі концептілік өріс құруға қабілетті әлеуетті бірліктердің шеңбер-шегін анықтай отырып, оның өзегі болатын концепт атауын анықтау;
- тарихшы баһадүрдің когнитивтік санасындағы мәндер мен құндылықтардың, өмірлік мақсаттары мен азаматтық міндеттерінің, прагматикалық мақсат-мүдделерінің, ұстанымдары мен мұратының иерархиясын (сатылы байланысын) ол жасаған мәтін арқылы айқындау;
- Әбілғазы Тілдік тұлғасының прагматикалық деңгейіне тән негізгі репрезентативті белгілерді және олардың жұмсалуының анағұрлым типтік болып саналатын лингвистикалық формаларын сипаттау;
- шежірешінің прагматикалық ұстанымын анықтау барысында ол таңдап, тоқталған прецедентті есімдердің автор танымындағы және жалпы қазақы ғалам бейнесіндегі орындарын анықтау.
Зерттеу жұмысының теориялық және практикалық маңызы. Әбілғазының Тілдік тұлғасын сипаттау, оның өзіндік ерекшеліктерін шығармалары арқылы түзілген индивидуалды әлемін Ғаламның тілдік бейнесімен байланыстыра анықтаудың антрополингвистикалық ғылыми бағытты дамыта түсу үшін маңызы зор. Жалпы зерттеу тұжырымдарын тіл білімінің тарихи лексикология, социолингвистика, лингвомәдениеттану салалары бойынша жазылатын еңбектерде пайдалануға болады. Зерттеу барысында талдау жасалған тілдік бірліктерді қазақ тілінің түсіндірме сөздігін құрастыруда, ал концептуалдық талдауға негіз болған атау сөздердің концептілік өрістегі сипаттамалары мен түсіндірмелерін идеографиялық сөздіктер түзуде қолдануға болады. Сондай-ақ зерттеу нәтижелері автор тілін оқытуға арналған арнаулы курстарда, Тілдік тұлға теориясы бойынша оқылатын дәрістерде пайдаланылады.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен нәтижелері.
- Диссертацияда алғаш рет Әбілғазы баһадүрдің Тілдік тұлғасы қазіргі ғылыми парадигмалар аясында қарастырылып, талданды. Зерттеу лингвокогнитивтік және прагматикалық деңгейлерде жүргізілді;
- Әбілғазы тұлғасының ерекшелігі мен ол жасаған ғаламның индивидуалды тілдік бейнесі концептуалдық құрылым арқылы айқындалады. «Шежіре» мәтіні негізінде оның поэтикасының бедер-бейнесі, индивидуалдық ерекшелігі көрсетіліп, автор тәлім алған түпбастаулар мен оның өзіндік шығармашылық ізденісінің мәні айқындалды;
- тілдік тұлғаның лингвокогнитивтік деңгейіндегі құрылымдық ерекшелігін барынша адекватты түрде жеткізу үшін концептуалдық өріс тәсілі қолданылды. Оның негізінде Әбілғазы шежірешінің өзіндік концептосферасы (концептілер аясы) құрылды;
- концептосфера өзегінде аталмыш Тілдік тұлға үшін негізгі деп саналатын концептілер, менталдық бірліктер көрініс табады. Ол өрістің өзегін билеуші өмірінде аса үлкен маңызға ие болған бірліктер – билік, соғыс, Шыңғыс атаулары құрайды. Оның айналасындағы өзек маңы аймағын – осы құрылымдардың лексикалық репрезентациялары толтырса, келесі қабат – жақын периферияны – бейнелі (образды) репрезентациялар, ал алыс периферияны (ең шеткі белдеу) – эмоционалдық-бағалау мәндері құрайды.
Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:
- Әбілғазы Тілдік тұлғасы оның ішкі лексиконы түрінде жүйеленген, дараланған білім қоймасы ретіндегі когнитивтік түсініктері негізінде категорияланады. Ол когнитивтік түсініктер автордың индивидуалды білімдері мен тәжірибесі жүйесіне, сондай-ақ ғаламның ұлттық бейнесінің менталдық құрылымына негізделеді, Әбілғазыны өзіне тән индивидуалды Ғалам бейнесін жасаған, тарихи, мәдени, этнографиялық т.б. білім қорлары арқылы ғаламның концептуалды бейнесін жасай білген бірегей тұлға деп санаған жөн.
- Әбілғазы шығармасы тіліне жасалған семантикалық талдау арқылы ондағы ең маңызды бірліктер анықталды. Олар өріс түрінде көрінетін базалық концептілердің жұмсалуына алғышарт, негіз болады. Ол өрістің өзегінде «билік», оның айналасында, яки өзек маңында «өзім//өзге», «дін», «тәңірі», «тек-тектілік», өмір//өлім», «соғыс», «байлық» концептілері орналасқан, одан кейінгі жақын және алыс аймақтарда «адамның жақсы/жаман қасиеттері», «қасиетті сандар», «ат//тұлпар», «тағам» сияқты т.б. микроконцептілер жатады.
- «Билік» макроконцептісі атауының айналасына радиалды түрде орналасқан көптеген мағыналар индивидуалды–авторлық коннотациялар, сондай-ақ сатылы түрде байланысқа өрілген ой «ұшқындары», фреймдер мен схемалар (сызба) арқылы негізгі іргелі мән - концепті прототипі – «тектілік» ұғымы айрықша көрініс табады. Ол ұғым, бір жағынан, хан, тарихшы, шежіреші баһадүр Әбілғазының менталдық дүниесімен байланысты болса, екінші жағынан, Шыңғыс тұқымы, басып алушы, билеушінің уәжі, мақсаты, өмірлік ұстанымдары мен мұраты, интенционалдығы (ниеттілігі) болып табылады, яғни ол ұғым Тілдік тұлғаның прагматиконын сипаттайды.
- «Түркі шежіресін», бір жағынан, тарихи жылнамалық сипаттағы дерекнама ретінде қабылдасақ, екінші жағынан, саяси дискурстың көлемді бір көрінісі деп танығанымыз жөн. Ол саяси дискурстың негізінде «өзім//өзге» семантикалық оппозициясына сүйенетін «билік» концептісі жатады.
- «Дін» концептісінің «Түркі шежіресіндегі» тілдік репрезенттері арқылы оның авторы Әбілғазы баһадүрдің когнитивтік санасында қалыптасқан ғаламның діни (мұсылмандық) бейнесін, сол кездегі түркі қауымының ұжымдық санасында орныққан ғалам бейнесінің бір үзігін тануға болады.
- «Шежіреде» көрініс тапқан «өмір//өлім» бинарлы концептісі ішінара кездесетін автордың Тілдік тұлғасын ерекшелейтін жеке қолданыстарды санамағанда қазақтың Ұлттық Ғалам бейнесіндегі «жалған, фәни, бақи» т.б. ұғымдармен, ойсуреттермен сәйкеседі. Мұның өзі, біріншіден, шежірешінің өзіне дейінгі тарихи дереккөздердегі мәліметтерді молынан пайдалануымен байланысты оның жалпыадамзаттық құндылықтардан хабардарлығымен, екіншіден, түбі моңғол болғанымен, ханның жергілікті түркі халықтарына сіңісіп, оның түрлі салт-дәстүрлерін қабылдап, дала заңымен өмір сүретін мемлекетті басқарғандығымен түсіндіріледі.
- Автор прагматикасынан нәзік аңғарылатын «шыңғысшылдық идеясы», түптеп келгенде, кейінгі орынға ысырылады да, адам баласына тән «өзім» деген эго ұғымы басымдыққа ие болады. Яғни автордың түпкі мақсаты – келер ұрпаққа өз атын қалдыру, өзін хан, баһадүр, тарихшы, шежіреші, білімпаз тарихи тұлға ретінде жан-жақты таныту болған деп санаған жөн.
- «Түркі шежіресіндегі» «адам» концептосферасының өзегін құрайтын маңызды концепт «тек-тектілік» болып табылады. Әбілғазы түсінігінде тек – жоғары билік иесіне тән басты қасиет, әке мен бала арасындағы табиғи жалғастық. Бұл ой «Шежіренің» өн бойында шыңғысшылдық идеясы арқылы өрілген. Мұны автордың өзін ең алдымен «Шыңғыс ұрпағы» ретінде танып, төре тұқымы санайтындығымен, соны мақтан ететіндігімен байланысты деп қарауға негіз бар. Оны мәтінде имплицитті түрде көрініс тапқан, Шыңғыс атына (адресіне) қатысты жұмсалған оң, жағымды мәнді бағалауыштық сөздерден байқауға болады. Тіпті Шыңғыстың әрбір шайқасы немесе кезекті шабуылы оның басқыншылығымен емес, «жергілікті халықты өркениетке баулу, тарту» идеясынан туындаған ізгі ниет екені мегзеліп отырады. Алайда бұл мәселені әлі де басы толық ашылмаған тарихи құпиялар қатарында деп қарауға болады.
Жұмыстың талқылануы мен жариялануы. Зерттеу жұмысының негізгі нәтижелері мен мазмұны «Қазақ тілі тарихы мен диалектологиясы» атты ғылыми-теориялық конференцияда (Алматы, 2001), «Орталық Азия мен Қазақстан: түркі өркениетінің бастауы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда (Тараз, 2006), «Қазақстан жаһандану жағдайында саяси-әлеуметтік және экономикалық даму кезеңінде» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда (Тараз, 2008), «Әлемдік қауымдастықпен бірігу Қазақстанның тұрақты даму факторы ретінде» деп аталған халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда (Тараз, 2007) және «Этнос және тіл» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда (Алматы, 2009) және А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы «Лингвистикалық жұма» атты ғылыми-әдістемелік семинарда (2009, маусым) баяндалып, басылымдарда жарияланды.
Зерттеу жұмысының құрылымы. Диссертация кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
Рейтинг: 2.7/3
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Поиск
Наш опрос
Вы расскажете о нашем сайте своим знакомым?
Всего ответов: 1002
Статистика

Онлайн всего: 7
Гостей: 4
Пользователей: 3
uapedtug, Gabrielvieno, tapedtug